Перевод этой статьи еще не готов. Ниже приведен оригинал статьи на казахском языке. Просим прощения за временные неудобства.

 

16 қыркүйек күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жобасы аясында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы

ғылыми комиссияның координаторы Сейітқасымов Аманбай Асылбайұлы
Зеренді ауданының Симферополь және Бұлақ ауылдарына далалық-ғылыми
іс-сапармен барып, сол ауылдардың жергілікті ақсақалдарымен,
тұрғындарымен кездесіп, олардан ауызша сұқбат алып, ғылыми жобаға
қатысты мәліметтерді жинастыра алды.
Атап айтқанда, Симферополь ауылының 90 жастағы қариясы Омаров
Ғалым өткен ғасырдың 50-ші жылдары Озерный ауылының жанындағы
лагерьде әкесі стрелок - күзетші болғанын айтып, өз естеліктерімен бөлісті.
Лагерь тұтқындарының күнделікті өмірінен де мәліметтер берді
(тұтқындағы адамдар ауыл жанында егін екті, Су мұнарасын жапондықтар
кірпіштен қалап тұрғызды және т.б.). Ал Бұлақ ауылының ақсақалы (туған
жылы 1928 жыл) Баймұратов Мәнәп тоталитарлық казармалық жүйенің
қылышынан қан тамған жылдары Озерный ауылындағы МТС токарь болып
жұмыс істеген екен. Жас токарь Мәнәп сол жылдары лагерьдегі
тұтқындардың өлі денелері қоймада бірінің үстіне бірі үйіліп тұрғанын өз
көзімен көргенін айтты. Көп тұтқындар қыстың боранды күндері тоңып,
қырылған екен. Әрине, қос ақсақал аталарымыз жасы келгесін көп нәрсені
ұмытқан екен, дегенменде, тарихтың зобалаң дәуірінің тірі куәгерлері бізге -
келесі буын ұрпаққа сол күндер жайлы бүкпесіз жайып айтып, бөліскеніне
шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Осындай биік мұрат пен аруақтар мен
аға буын алдында тағзым етуге бағытталған игі іс өз жалғасын таба берсін!!!
P.S. Суретте Симферополь ауылының тұрғыны - Омаров Ғалым,
Бұлақ ауылының тұрғыны - Баймұратов Мәнәп, Симферополь ауылында
шамамен 1950-1955 жылдар аралығында жапон әскери тұтқындарымен
тұрғызылған су мұнарасы.