Перевод этой статьи еще не готов. Ниже приведен оригинал статьи на казахском языке. Просим прощения за временные неудобства.

 

30 қыркүйек күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жобасы
аясында құрылған ғылыми комиссия координаторы Сейітқасымов Аманбай
Асылбайұлы бастаған зерттеуші-ғалымдар тобы - Ш. Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру
кафедрасының оқытушы-ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, және
сондай-ақ, Зеренді ауданының мемлекеттік архивінің директоры Сейфулин
Тілеген Ержігітұлы, Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану
орталығының директор мiндетiн атқарушысы Рахимжанова Гүлім
Амангелдіқызы, Ақмола облысы Зеренді ауданының Приреческий селолық
округі маңындағы бұрынғы ОЛП-3 лагерінің орнына іс-сапармен (ғылыми
далалық зерттеу) барып қайтты...
Ғылыми далалық зерттеу жұмысының басты мақсаты - Зеренді
ауданының Приреченское елдімекенінің бойында орналасқан ХХ ғасырдың
30-50 жж. саяси тұтқындар лагерлеріне барлау жұмыстарын жүргізу және
жергілікті тұрғындардан осы лагерлер жайлы естелік әңгімелер, ауызша
түпнұсқа деректер жинау және т.б.
Ғылыми зерттеу тобы өзінің жұмысын Приреченское селолық
округінің әкімі Мейрамов Абзал Сағатұлымен кездесуден бастап, жергілікті
әкімді далалық зерттеу экспедициясының жұмыс жоспарымен таныстырды.
Абзал Сағатұлы зерттеу тобына сәттілік тілеп, ауылдық клуб меңгерушісі
Есенгелдин Аслан Дәмдіұлына ғалымдарға ақпараттық және өзге көмек
көрсетуін тапсырды. Аслан Дәмдіұлы мен Приреченский мектебінің тарих
пәні мұғалімі Стока Наталья Владимировна зерттеу тобына барынша көмек
көрсетіп, қолдарында бар барлық құнды деректерімен бөлісуге тырысты.
Атап айтқанда, Стока Наталья Владимировна зерттеушілерді Приреченский
ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Оноприенко Тамара Петровна (туған
жылы 1949 жыл) үйіне апарып, Тамара Петровнаны ғалымдармен ОЛП-3
лагері жайлы естеліктерімен бөлісуін сұрады.
Тамара Петровна естеліктері ғалымдар үшін бағасыз деректер болып
шықты. Оның айтуы бойынша лагерь өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары
жұмыс істеген және онда негізінен тұтқында латыш, литов, украин және т.б.
ұлт өкілдері болған екен. Тұтқындардың жалпы саны 4000-ға дейін жеткен
және ОЛП-3 лагері тікелей Қарағанды облысындағы Карлагқа тікелей
қараған.

Тамара Петровна үйінен кейін зерттеушілер Приреченский мектебіне
беттеп, онда Наталья Владимировнаның көп жылдық еңбегі нәтижесінде
құрылып, сақталып келе жатқан тарих пәні кабинетіне соқты. Наталья
Владимировнаның қажыр-қайраты, маңдай терімен құрылған бұл кабинеті
кеңестік кезеңге тиесілі аса құнды жәдігергерлерге толы екен және
ғалымдардың зерттеу жұмысына тікелей және жанама деректер көп болып
шықты. Наталья Владимировна көп жылдар бойына жинаған құжаттар –
суреттер, карталар, фотосуреттердің көшірмесімен бөлісіп, ауызша
деректермен де бөлісті.
Мектептен кейін Наталья Владимировна зерттеушілерді ОЛП-3
лагерінің тұтқындары жаппай жерленген (еш белгісіз) орынға апарды.
Тұтқындар жаппай жерленген жер (братская могила) Приреченский
селосының зиратының дәл жанында екен. Зерттеушілер құрбандардың
жерленген жерін суретке түсіріп, алдағы уақытта белгі қоюды мақсат етіп
отыр.
Түстен кейін зерттеушілер ОЛП-3 лагерінің орнына барып, зерттеу
жұмыстарын жүргізді. ОЛП-3 лагері зерттеушілерді бірден өзінің зор
көлімімен таңқалдырды. Приреченский селосынан алыстау
орналасқандықтан және адам мен мал басы жүрмейтін орман іші болуы
себепті лагердің орны жақсы сақталыпты. Барактар мен қоймалардың, күзет
мұнараларының іргетастары, пештердің қалдық кірпіштері – бәрі сол
уақыттың куәліктері ретінде орман ішінде бейне күні кеше қалдырылған
кейіпте жатыр...
Зерттеушілер экспедиция аяқталар шақта барлық жиналған деректерді
жинастырып, осы ОЛП-3 лагеріне келер жылы тағы келіп, ақпараттар мен
деректерді толықтыру жайлы шешімге келді.
Жалпы экспедиция барысы басынан аяғына дейін өте қызықты өтті.
Жол бойы зерттеуші-ғалымдар Зеренді ауданының тұмса табиғатына
тамсанып, әсем де көрікті орман-көлдері мен тұнық суларын тамашалауға бір
айрықша мүмкіндік алды. Зерттеушілер өз жұмысын осымен аяқтамайды,
олардың алдында туған өлкеміздің тарихы жайлы сыр шерттетін деректер
мен аңыз-әңгімелерді жинастыру ісі әлі де күтіп тұр. Ендеше, болашақ
зерттеулер әлі жалғаса бермек!