Перевод этой статьи на русский язык еще не готов. Просим прощения за неудобство.
7 қыркүйек күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жобасы аясында
құрылған ғылыми комиссия координаторы Сейітқасымов Аманбай
Асылбайұлы бастаған зерттеуші-ғалымдар тобы - Ш. Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру
кафедрасының оқытушы-ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, және
сондай-ақ, Зеренді ауданының мемлекеттік архивінің директоры Сейфулин
Тілеген Ержігітұлы, Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану
орталығының директор мiндетiн атқарушысы Рахимжанова Гүлім
Амангелдіқызы, Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар
басқармасының архивтер жұмысын қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы
Ержан Әлпейісұлы Бекеев Ақмола облысы Зеренді ауданының Уголки,
Баратай, Симферополь елдімекендеріне іс-сапармен (ғылыми далалық
зерттеу) барып қайтты...
Ғылыми далалық зерттеу жұмысының басты мақсаты - Зеренді ауданының
Баратай, Уголки, Симферополь елдімекендері бойында орналасқан ХХ
ғасырдың 30-50 жж. саяси тұтқындар лагерлеріне барлау жұмыстарын
жүргізу және жергілікті тұрғындардан осы лагерлер жайлы естелік әңгімелер,
ауызша түпнұсқа деректер жинау және т.б.
Зерттеу жұмысы барысында топ мүшелері Уголки ауылының тұрғындары
Закирин Қожабек Нығметжан ағамызбен және 1941 жылы соғыстың алғашқы
күз айларында Саратов облысынан күштеп қоныс аударылған немістер
отбасылары арасында болған Кем Фрида Георгьевна апамызбен кездесіп,
тұтқындар азап шеккен лагер туралы естеліктерін жазып алды. Сондай-ақ,
зерттеу тобы Симферополь ауылдық округіне қарасты Озерный елдімекені
жанында ХХ ғасырдың 30-50 жж орналасқан саяси тұтқындар лагерінің
орнына да барлау жұмыстарын жасап қайтты.
Бұл бірегей жобаның тырнақалды нәтиже көрсеткіштері қана, алда әлі
қырауар жұмыс күтіп тұр. Зерттеу тобы саяси тұтқындар лагерлер желісінің
картасын қалпына келтіріп, барынша мәліметтерді толықтыруға тырысатын
болады. Ендеше, лагерлер тарихы жайлы этнографиялық далалық зерттеу
жұмысы барысында алған мәліметтерді архивтік деректермен салыстыра-
сабақтастыра зерттеу алдағы уақыттың ісі.
Сөз соңында, ғылыми зерттеушілер тобының атынан, осынау бірегей іс-
шараға ат салысып, әкімшілік көмекпен қатар, жазықсыз құрбан болған
аруақтарға құрмет көрсетіп, экспедиция барысында өздерін қарапайым
адамгершілікті, ор-ождан мен азаматтық ұстанымды ту еткен, жаңа
формациядағы мемлеттік қызметкерлердің өкілдері ретінде бізді
таңқалдырған тамсандырған азаматарға - Зеренді ауданының Сарыөзек
ауылдық округінің әкімі - Қожабеков Ерлан Салимжанұлына, Зеренді
ауданының Симферополь ауылдық округінің әкімі - Сабитов Азамат
Нұрымбекұлына және Зеренді ауданының мемлекеттік архивінің директоры -
Сейфулин Тілеген Ержігітұлына ерекше алғыс білдіреміз!!!